Ата-анамыздың 80 жасқа толған мерейтойы мен отасқандарына 60 жыл толған Гауһар тойының асабасын ұзақ іздедік. Үлкен той болғандықтан, алыс-жақыннан сыйлы қонақтарымыз келеді, елге танымал, беделді аға-жеңгелеріміз де той төрінде отыратын болғандықтан, салиқалы сөз айта алатын, мәртебесі жоғары тойға бар жағынан сай келетін асаба болуы керек деген едік. Таныстарымыздың кеңесіне жүгіндік. Осы сайттағы біраз асабамен кездестік. Дәнеш Асқарбек мырзамен танысқан соң бірден тойымыздың жүргізушісі осы азамат болуы керек деп шешім қабылдадық. Дәнеш бауырымыз сол сенімімізді 100 пайызға ақтады! Үлкеннің де, ішінің де көңілінен шығып, тойды басынан аяғына дейін жоғары деңгейде, басы артық, ыңғайсыз сөздерсіз, әттеген айсыз абыроймен атқарып берді. Оны құрметті қонақтарымыздың той кезінде Дәнештің өзіне, той соңында өзімізге де білдірген ризашылықтарынан байқадық. Жан тебірентер әндер шырқалды, ешкімнің көңіліне тимейтін, бірақ еріксіз күлдіретін әзілдер де болды. Ағаларымыз айтпақшы, Дәнеш мырза әр әзілінің өзіне ой салып, той барысындағы жағдайларды бір біріне жымдастырып, тізгінді мықты ұстады. Дәнеш бауырымзға алғысымыз шексіз. Сіз де осындай тойға жетіңіз. Деніңізге саулық, творчестволық табыстар тілейміз. Журналист ретінде елге еткен еңбегіңіз еленіп, биіктерден көрініңіз. Алла қаласа талай тойларда кездесетінімізге сенімдіміз.